ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге "Darabala.kz" платформасы таныстырылды



ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге "Darabala.kz" платформасы таныстырылды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ауылдық елдімекендерді байланыс және сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті.

Жиынға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, IT-қоғамдастық өкілдері және еліміздегі ірі телекоммуникациялық компаниялардың басшылары қатысты.

Жиын барысында порталды әзірлеуші облыстық ғылыми-әдістемелік орталықтың маманы Мақсат Бисекенов ата-ана, өнім беруші мен тапсырыс берушілердің алгоритмін, яғни порталдың жұмыс жасау тәртібін таныстырып өтті.

Айта кетсек, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастырудың әдістемесі дайындалды. Құзырлы министрліктер тарапынан оны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.Нормативтік-құқықтық құжаттарға да бірқатар өзгерістер енгізілді.

Жиында тапсырысты орналастыру бойынша енгізілген өзгерістер мен биыл жүзеге асыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертлеуова баяндап өтті.

Министр сондай-ақ жобаларды іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Ол Ақтөбе облысының әкімдігіне ауылдарда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізілсе, цифрлық жобалар іске асырылуы мүмкін екендігіне нақты мысал келтіргеніне ризашылығын білдірді.
«Бұл жобалар елдің экономикасы мен әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін маңызға ие, олар тиімділігін көрсетіп, нәтижесін береді. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жергілікті жерде орындалуы. «БІЛІМ ALL» және «Денсаулықтың диагностикалық жүйесі» жобаларын, сондай-ақ балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың «Darabala.kz» өңірлік платформасын республикалық деңгейде жүзеге асыру қажет», - деді Бағдат Мусин.

Жиын барысында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.